Бибісара Асаубаева жанкүйерлер назарын өзіне аударды (ВИДЕО)
Қазақстандық шахматшы Ослодағы Norway Chess-2026 турнирінде тек ойынымен емес, жанкүйерлерімен кездесуі арқылы да көпшіліктің ықыласына бөленді.
Жанкүйерлер автограф алу үшін жиналды
Әлеуметтік желідегі Chess_paparazzi аккаунты Бибісара Асаубаеваның турнирден кейінгі сәттерін жариялады. Видеода қазақстандық шахматшыны ересек жанкүйерлер мен балалар қоршап алып, одан қолтаңба сұрап жатқанын көруге болады.
Асаубаева жанкүйерлерінің өтінішін жерде қалдырмай шахмат қорабына, қағаздарға және шақыру билеттеріне қолтаңба берді.
"Ойын аяқталды. Енді жанкүйерлермен кездесу басталды. Балалар. Ересектер. Камералар. Бибісара жүректерді жаулап жүр. Қаншалықты бос болмаса да, ол әрдайым жанкүйерлеріне уақыт табады", — деп жазды дереккөз.
Қытайлық шахматшыны жеңді
Кеше Бибісара Асаубаева Norway Chess Women-2026 турнирінің 7-турында Чжу Цзиньэрді жеңді.
Осы жеңістен кейін қазақстандық шахматшының еншісінде 12,5 ұпай болды. Қазір ол турнир кестесінде бірінші орында тұр.
Norway Chess Women-2026 жарысының аяқталуына үш тур қалды. Демек алдағы партиялар Бибісара Асаубаева үшін турнирдегі чемпиондық тартыста аса маңызды болмақ.
Маусым айындағы жаңартылған рейтинг қорытындысы бойынша Асаубаева әйелдер арасындағы ФИДЕ әлемдік рейтингінде жетінші орнын сақтап қалды.