Шавкат Рахмонов жұбайымен татуласып, ажырасу туралы арызын қайтарып алды

Жекпе-жек шолушысы

UFC файтері Шавкат Рахмонов пен оның жұбайы Гүлайымның арасындағы ажырасу процесі уақытша тоқтағаны белгілі болды. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев Qazaq Ordasy YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.

Шавкат Рахмонов жұбайымен татуласып, ажырасу туралы арызын қайтарып алды
Коллаж Penalty.kz

Заңгер Рахмоновтың отбасындағы жағдайды түсіндірді

Мейірман Шекеевтің сөзінше, Шавкат Рахмонов пен Гүлайым бастапқыда заңды түрде ажырасуға өтініш берген. Бірақ кейін ерлі-зайыптылар татуласып, арыздарын кері қайтарып алған.

“Мен олардың жағдайы реттеледі деп үміттенемін. Себебі Шавкаттың жақында қызы дүниеге келді. Ер адам үшін қыз бала — өте жақын жан. Сондықтан мұндай жағдайда асығыс әрі түбегейлі шешім қабылдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Заң жүзінде олар әлі ажырасқан жоқ. Иә, бастапқыда ажырасуға арыз берген, кейін татуласып, өтініштерін қайтарып алды. Қазір іс осы деңгейде тоқтап тұр. Бұл отбасы болғандықтан, олар қайта жарасады деп сенемін”, — деді заңгер.

Шекеевтің айтуынша, бұл мәселеге оның тікелей қатысы бар. Себебі Рахмонов ажырасу процесіне байланысты заңгерге өзі жүгінген.

Гүлайымның есімі жол апатынан кейін жиі атала бастады

Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым 2025 жылдың жазында болған қайғылы жол апатынан кейін көпшілікке кеңінен танылды. Ол жол талғамайтын көлікті басқарып келе жатып, Алматы-Екатеринбург тасжолында апатқа ұшыраған.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тапты. Олардың бірі — Гүлайымның әпкесі, екіншісі — жақын құрбысы.

2026 жылдың наурыз айының соңында сот Гүлайымды кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Әлеуметтік желідегі мәлімдеме және отбасылық жанжал

2026 жылдың наурызында Гүлайым әлеуметтік желіде жазба жариялап, Шавкат Рахмоновпен ажырасып жатқанын мәлімдеген. Ол спортшыны “балаларынан бас тартты” деп айыптаған.

Олардың төрт ортақ баласы Гүлайыммен қалғаны айтылды. Ал сол кезде оның бесінші балаға аяғы ауыр екені белгілі болған.

Кейінірек, сәуір айында Гүлайым кең көлемді сұхбат беріп, отбасындағы түсініспеушілікке Шавкат Рахмоновтың анасымен арадағы кикілжің себеп болғанын жеткізген.