"Олар – менің мотивациям": Бекембетов балаларымен видео түсірді
Қазақстандық ММА файтері әлеуметтік желіде кішкентай балаларымен бірге өткізген уақытынан бейнежазба көрсетті.
"Балалар үшін кез келген ата-ана соңына дейін барады"
Елдегі поп-ММА сахнасының танымал өкілдерінің бірі Instagram парақшасына балаларымен серуендеп жүрген сәтін жариялады. Видеода спортшы шамамен екі-үш жастағы екі бүлдіршінмен футбол ойнап жүр.
Бекембетовтың айтуынша, оның жекпе-жекке шығуына және қиындықтарға төтеп беруіне отбасы мен балалары күш береді.
"Біз үшін басты мотивация – балаларымыз. Олардың тоқ әрі дені сау болуы үшін еңбек етеміз. Баспасөз мәслихаттарында қарсыластарымызбен сөзге келіп, кейін қанға боялған жекпе-жектер өткіземіз. Мұның бәрі балаларымыз өзгелерден кем болмасын деген ниеттен туындайды. Олар үшін ең маңыздысы – отбасының және әкесінің жанында болуы. Егер балаларым болмағанда, бәлкім, жекпе-жекке де шықпас едім. Баласы үшін кез келген ата-ана соңына дейін барады. Мен де солардың бірімін", – деді файтер.
Поп-ММА-дегі танымал тұлға
"Мотиватор" деген лақап атымен танылған Әнуарбек Бекембетов өзін "Қазақстанның басты трэштокері" ретінде таныстырып жүр. Ол қарсыластарына бағытталған өткір мәлімдемелері, әлеуметтік желідегі эксцентрикалық видеолары және резонанс тудырған жанжалдары арқылы поп-ММА аудиториясына кеңінен танылды.
Соңғы жекпе-жегін 4 шілдеде Алматыда өткен IBA Nomad 15 турнирінде өткізді. Бекембетов бұрыннан келе жатқан қарсыласы, боксшы Мұхит Амантаевты мерзімінен бұрын жеңді.
Өміріндегі қиын кезеңдер
Әнуарбек Бекембетов бұған дейін бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеу кезінде денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болғанын айтқан еді.
2025 жылдың қарашасында Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны ұсақ бұзақылық бабы бойынша 15 тәулікке қамауға алды. Бұған қоғамдық орында агрессия танытып, балағат сөздер қолданғаны түсірілген даулы бейнеролик себеп болған.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.