Рыбакина Australian Open-2026 турнирінде камбэктен кейін қарсыласын ойсырата жеңді
Мельбурндегі Australian Open 2026 додасының екінші айналымында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (WTA №5) франциялық Варвара Грачеваны (WTA №77) екі сетте ұтты.
Кездесудің басында фаворит саналған Рыбакина қиын жағдайға тап болды. Грачева брейк жасап, есепте 3:1 алға шықты. Алайда Елена дәл сол сәтте ойын тізгінін қайта қолға алып, алғашқы партияны 7:5 есебімен жұлып әкетті. Екінші сетте қазақстандық теннисші әлдеқайда сенімді ойнап, 6:2 нәтижесімен нүкте қойды. Матч 1 сағат 17 минутқа созылды.
Осы жеңістен кейін Рыбакина турнирдің 1/16 финалына өтті. Келесі кезеңде оған Чехияның жас теннисшісі Тереза Валентова (WTA №54) қарсылаc болады.
Биылғы маусымның алғашқы «Үлкен дулыға» турнирі Мельбурнда 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтеді. Жүлде қоры рекордтық деңгейге көтеріліп, жалпы сыйақы 111,5 млн австралиялық доллар болды, ал әйелдер және ерлер арасындағы жекелей сында чемпион 4,15 млн алады.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.