Мексиканың Халиско штатындағы қауіпсіздік жағдайына байланысты турнир кейінге шегерілуі немесе мүлде өтпей қалуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын.
Мексиканың Акапулько қаласында өтетін ATP-500 санатындағы Abierto Mexicano Telcel турнирі жоспарланған мерзімде басталады. Бұл туралы жарысты ұйымдастырушылар хабарлады.
Соңғы күндері Мексиканың Халиско штатындағы қауіпсіздік жағдайына байланысты турнир кейінге шегерілуі немесе мүлде өтпей қалуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Алайда ұйымдастыру комитеті бұл мәліметтерді жоққа шығарды.
“Турнирдің тоқтатылатыны туралы қауесеттер шындыққа жанаспайды. Біз мұндай шешім туралы ешқандай хабарлама жариялаған жоқпыз. Жарыс белгіленген кесте бойынша және қалыпты режимде өтеді. Федералдық, штаттық және муниципалдық билік өкілдерімен тұрақты байланыстамыз және барлық қауіпсіздік хаттамаларын қатаң сақтаймыз”, – делінген.
Айта кету керек, қақтығыстар болған Гвадалахара қаласы Акапулькодан шамамен 800 шақырым қашықтықта орналасқан. Ұйымдастырушылар турнир өтетін өңірде жағдай тұрақты екенін мәлімдеді.
Abierto Mexicano Telcel – ерлер арасындағы беделді жарыстардың бірі. ATP-500 санаты рейтингтік ұпайлар мен жүлде қоры жағынан маңызды турнирлер қатарына жатады. Дәстүрлі түрде бұл жарысқа әлемнің үздік теннисшілері қатысады.