Қазақстанның бірінші ракеткасы АҚШ-тағы Indian Wells Open-2026 турнирін жеңіспен бастады.
ATP рейтингінде 10-орында тұрған қазақстандық теннисші жарыстың екінші кезеңінде чехиялық Вит Копршивамен кездесті. Бублик алғашқы сетте есе жібергенімен кейін тізгінді қолға алып, камбэк жасады.
Александр Бублик 3:6, 7:6 (7:3), 6:2 есебімен үш сет қортыныдсында жеңіске жетті. Тартысты ойын 2 сағат 7 минутқа жалғасты.
Осылайша Қазақстанның үздік теннисшісі Индиан-Уэллс шеберлер турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.
Биылғы Indian Wells Open-2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 9 415 725 долларға тең. Ал жекелей сындағы чемпион 1 151 380 доллар сыйақы алып, өз еншісіне 1000 рейтингтік ұпай жазады.
Еске салсақ, өткен жылы Александр Бублик Индиан-Уэллс турниріндегі жарыс жолын тым ерте аяқтаған болатын. Ол алғашқы айналымда жапониялық Ёсукэ Ватанукиге жол беріп қойған еді. Сол матчта есеп 3:6, 6:3, 3:6 болып тіркелген.