
Бүгін түнде Францияның Ле-Ман қаласында өтетін тарихи кездесуде қазақстандық команда Испанияның «Пальма» клубымен кездеседі.
Бүгін түнде Францияның Ле-Ман қаласында футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының финалдық ойыны өтеді. Алматының «Қайраты» мен Испанияның «Пальма» клубы чемпиондық атақ үшін тартысқа түседі. Аталған ойынды сарапшылар да жіті бақылауда.
Осы ретте Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы, 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, 2013 жылғы УЕФА Кубогының иегері Николай Пенгрин финал алдындағы ойымен бөлісті:
«Финалда қазіргі таңда ең үздік екі команда кездеседі. Бүгін олар бар күшін салып, арман болған кубок үшін күреседі. Жартылай финалдарда фавориттер өзгелер еді, алайда шын мәнінде физикалық, тактикалық әрі моральдық тұрғыдан дайын болғандар жеңіске жетті. Біздің жігіттерге сәттілік тілеймін – жеңіс олардың жағында болсын!», – деді маман Sports.kz порталына берген сұхбатында.
Еске салсақ, «Қайрат» футзал клубы 2013 жылы УЕФА Кубогын жеңіп алған болатын. Осы жолы да команда бапкерлері мен ойыншылары Еуропа шыңын екінші мәрте бағындыруға бел буып отыр. Жартылай финалда олар Испанияның «Картахенасын» 3:2 есебімен жеңіп, финалға сенімді түрде өтті.