
Жәнібек Әлімханұлы төрт чемпиондық белбеуді біріктіріп, Канелоға қарсы жекпе-жек өткізуді көздеп отыр.
Орта салмақта WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы алдағы 12 айда төрт титулды біріктіріп, әлемнің абсолют чемпионы атануға бел байлады. Бұған қоса, ол екінші орта салмақта да Сауль «Канело» Альвареске қарсы шығуға дайын екенін білдірді.
Mo Boxing No Problem порталының хабарлауынша, Жәнібек Әлімханұлы жазда WBC тұжырымының чемпионы Карлос Адамеспен (Доминикан Республикасы) жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Бұл — алғашқы біріктіруші кездесу болмақ.
Ал күзде немесе қыс мезгілінде WBA белбеуінің иегері, кубалық Эрисланди Ларамен айқасу көзделуде. Осы екі кездесудің нәтижесінде төрт титул бір қолға тоғысып, Әлімханұлы орта салмақтағы абсолют чемпиондыққа қол жеткізуі мүмкін.
Жәнібек Әлімханұлы өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында бұл жоспар жарияланған жазбаны репост жасап, мақсатының нақты екенін аңғартты.
Жәнібек соңғы рет 2024 жылы 5 сәуірде Астанада рингке шықты. Ол жекпе-жекте француз Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутпен жеңіп, әлемге өз мықтылығын тағы бір дәлелдеген болатын.
Егер Жәнібек Әлімханұлы бұл жоспарын толық жүзеге асыра алса, ол:
Қазақстан тарихындағы алғашқы абсолют чемпион
Бір емес, екі салмақ дәрежесінде қатар абсолют чемпион атанған алғашқы қазақстандық болмақ