
Таиландтағы халықаралық турнирде Оразбек Асылқұлов 60 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы жекпе-жегінде Қырғызстан өкілі Имамназаров Мирзохидпен кездесті.
Оразбек Асылқұлов жекпе-жекті өте батыл әрі сенімді бастады. Алғашқы секундтардан-ақ агрессивті шабуылға көшіп, қарсыласын қорғануға мәжбүр етті. Бұл шабуыл қарқыны Мирзохидті тұтқиылдан басып, жоспарынан жаңылтты.
Қырғыз боксшысы екінші нөмірмен жұмыс істеп, қарсы шабуылдауға ниеттенгенімен алғашқы екі раундтың қорытындысы бойынша рингтегі толық үстемдік Асылқұловтың жағында болды. Ол тек шабуылдап қоймай қарсыласын қателікке ұрындырып, рингтің әр бұрышын өз бақылауында ұстады.
Жекпе-жектің соңғы бөлігінде Оразбек қарсыласын бұрышқа тақап, үнемі қысым көрсетті. Мирзохидтің жалғыз амалы клинчке жиі жүгіну болды. Бұл арқылы ол нокдаун немесе нокауттан аман қалуға тырысты. Бірақ бұл әрекеттер оның жеңілісін тоқтата алған жоқ.
Төрешілер бірауыздан шешім қабылдап, Оразбек Асылқұловтың жеңісін тіркеді — 5:0.