
Қазақстандық жас әрі дарынды боксшы Балауса Мұздыман әлем чемпионы Дмитрий Биволға ерекше құрмет көрсетті.
Жаттығу залында Биволдың қолтаңбасы бар футболкасы ілулі тұрғанын қуанышпен жариялаған спортшы, бұл боксшыны "ең керемет" деп атады.
"Bivol_d. Бізде залда ең керемет боксшының қолтаңбасы бар футболкасы ілулі тұр", — деп жазды ол әлеуметтік желіде жариялаған фотосуретке.
Балауса әлеуметтік желілерде белсенді. Ол өзінің дайындық сәттерін, спорттағы өмірін үнемі бөлісіп отырады. Контент жасау оңай емес екенін мойындаған боксшы, жанкүйерлерін өз жаттығуына көз салып, спорттық рухты сезінуге шақырды.
"Контент өзі жасалмайды ғой. Жаттығуымды қарап көріңдер", — дейді ол күлімсірей.
Балауса Мұздыман келесі жекпе-жегін 6 маусым күні өтетін All Stars Boxing турнирінде өткізеді. Турнир "Алматы Аренада" ұйымдастырылады. Бұл жолғы қарсыласы — Мысыр елінің үміті Айя Рамадан. Айяның кәсіпқой рингте төрт жекпе-жегі бар және барлығы да жеңіспен аяқталған.
Балауса бұл кездесуді тағатсыздана күтіп жүргенін жасырмады:
"6 маусымда" Алматы Аренаны"дүр сілкіндіреміз бе? Келіп, мені қолдайсыңдар ма?", — деп жанкүйерлерге үндеу тастады.