Қазақстандық ең сұлу боксшы Тараз төрінде IBO чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Ол қарсыласын бесінші раундта нокаутқа түсірді.
Таразда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде қазақстандық боксшы Ангелина Лукас чилилік Даниэла Асенхомен кездесіп, кәсіби мансабындағы жалғыз жеңілісінің есесін қайтарды. Бұл жекпе-жек – нағыз реванш болды.
Ангелина Лукас алғашқы секундтардан-ақ қарсыласына қысым жасап, раунд сайын қарқынын арттыра түсті. Тактикалық түрде сенімді жұмыс істеген боксшы бесінші раундта бірнеше соққыдан тұратын дәл сериямен Асенхоны нокаутқа жіберіп, жеңісін тойлады.
Бұл жеңіс оның кәсіби мансабындағы ең маңызды сәттердің бірі ретінде есте қалмақ. Бір жағынан — реванш, екінші жағынан — халықаралық титул.
Кештің ұйымдастырушысы — Ангелинаның сүйіктісі, әзербайжандық файтер Тариэль Джафаров. Ол да кештің ко-мейн ивентінде жұдырықтасып, көрерменге өз шоуын ұсынды.
TJ Promotion атты промоутерлік ұйым кештің кардында төрт әзербайжандық боксшыны шығарса, Қазақстанның атынан тек Ангелина Лукас өнер көрсетті. Соған қарамастан кештің басты кейіпкері де дәл сол болды.