
Танымал украиналық боксшы Василий Ломаченко (18-3, 12 KO) кәсіби мансабын ресми түрде аяқтағанын мәлімдеді.
Боксшы өзінің шешімін екі тілде – орыс және ағылшын тілдерінде жазылған бейнеүндеу арқылы жария етті.
“Кез келген спортшының өмірінде қолғапты шегеге ілетін кезең келеді. Біздің тарихымызда дәл сол күн туды. Ең алдымен, маған өмірлік жол көрсеткен Иса Мәсіхке алғыс айтамын. Ол мені шын мәніндегі құндылықтарға жетеледі – атақ пен даңқ емес, рухани жеңіс маңызды екенін түсіндірді”, – деді Ломаченко.
Ол сондай-ақ өз отбасына, әкесіне, жаттықтырушылары мен менеджерлеріне жеке алғыс білдірді:
“Әкем тек боксты емес, өмірлік үлгі болуды үйретті. Ол менің өмірімдегі №1 адам. Отбасым әрдайым жанымда болды. Жеңістерге қуанды, жеңілістерге төзді. Сол үшін де алғысым шексіз”, – деді Ломаченко бейнежазбасында.
“Сіздер, әлемнің түкпір-түкпіріндегі бокс жанкүйерлері, он жыл бойы мені қолдадыңыздар. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Боксқа деген сүйіспеншіліктеріңізді сақтап қалыңыздар. Өйткені, рингке шыққан әр спортшы – өз отбасын қорғау үшін денсаулығын қатерге тігіп жүрген батыр”, – деп түйіндеді сөзін Ломаченко.