Қазақстандық файтер Ташкентте өзбек қарсыласын тұншықтырып жеңді (ВИДЕО)
Ташкенттегі Octagon 75 турнирінде жартылай жеңіл салмақта Нұрсұлтан Оспан өзбекстандық қарсыласын бірінші раундта-ақ тұншықтыру әдісімен жеңді.
Жекпе-жек 3 минутқа да жеткен жоқ
Спорт жанкүйерлерінің назары Ташкентте өткен Octagon 75 турниріне ауды. Жергілікті Исматбек Машрапов (1-1) пен қазақстандық Нұрсұлтан Оспан (2-1) арасындағы тартысты жекпе-жек бірінші раундта-ақ аяқталды.
2 минут 44 секундта Оспан тұншықтыру әдісін қолданып, қарсыласын еріксіз берілуге мәжбүр етті. Бұл – Нұрсұлтан Оспанның кәсіби мансабындағы үшінші жеңісі.
Жекпе-жектің видеосын төменнен көре аласыз.
Octagon 75-тің басты айқасы
Турнирдің негізгі жекпе-жегі уақытша ауыр салмақ дәрежесіндегі чемпион атағы үшін өтеді. Бұл кездесуде ресейлік Даниял "Т-34" Эльбаев (12-6) пен өзбекстандық Азамат "Айдаһар" Нуфтиллаев (16-1-1) күш сынасады.