
Париждегі тарихи жеңістен кейін біраз үзіліс алған спортшы енді келесі төртжылдықтың басты жарысына тыңғылықты дайындалатынын мәлімдеді.
Қазақстандық дзюдошы, Токио мен Париж Олимпиадаларының жүлдегері Елдос Сметов алдағы 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысатынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлады.
2024 жылғы Париж Олимпиадасында Елдос Сметов өз салмақ дәрежесінде финалға өтіп, алаң иесі – Франция спортшысын шешуші белдесуде жеңіп, Қазақстанға алтын медаль сыйлады. Ол бұл сәтті ерекше толқыныспен еске алады:
«Залда отырғандардың бәрі қарсыласымды қолдады. Бірақ мен өзімді керемет сезіндім. Жеңілуге хақым жоқ екенін сездім», – деді спортшы.
Сол тарихи белдесуді трибунадан Франция Президенті Эммануэль Макрон тікелей тамашаласа, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде бақылаған.
Париждегі жетістіктен кейін Сметов сәл тынығып, болашағы жайлы ойланып, енді нақты шешім қабылдағанын мәлім етті:
«Олимпиададан кейін аздап демалдым. Енді келесі Олимпиадаға қатысу туралы шешімді қабылдадым».
Бұл мәлімдеме Елдостың спорттағы жолы әлі жалғасатынын және Лос-Анджелесте Қазақстан намысын қорғайтынын білдіреді.
Еске салайық, Елдос Сметов – әлем чемпионы, Азия ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы және Олимпиада чемпионы. Оның келесі Олимпиадада қатысатыны – ел үшін зор мақтаныш пен үміт.