
UFC додасы алдағы бірнеше жылда Қазақстанда өтуі мүмкін.
Астанада өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Астана қаласының Туризмді дамыту орталығының басшысы Артем Квашук UFC турнирінің елордада өту мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
“Қала бұндай ірі шараға мүдделі. Инфрақұрылым толық дайын, алаңдар барлық халықаралық талаптарға сай. Шара өтсе, туристер ағылып келеді, бұл – Астана экономикасы үшін үлкен серпін”, – деді Артем Квашук.
Кейінірек “Астана Концерт” компаниясының продюсері Мәлік Хасенов мәлімдеме жасап, UFC турнирін өткізуге ең қолайлы нысан – “Барыс Арена” екенін жеткізді.
“UFC ұйымдастыру ережелері бойынша “Барыс Арена” барлық талаптарға сәйкес келеді. Бізде Шавкат Рахмонов секілді атақты файтер бар. Ол тіпті титул үшін айқаса алады. Инфрақұрылым мен техника бойынша біз толық дайынбыз”, – деді ол.
Мәлік Хасеновтың айтуынша, UFC турнирін өткізу — жақын 2–3 жылдың еншісінде. Бірақ негізгі кедергі — қаржылық қолдау және халықаралық серіктестерді тарту.
“UFC-дің бағасы бізге белгілі. Мұндай ауқымды коммерциялық шараны тек жергілікті демеушілер есебінен өткізу – ауыр жүк. Бірақ нарық дамып келеді. Біз біртіндеп дайын боламыз. Инфрақұрылым бойынша еш қиындық жоқ. Ал серіктестік жағынан жұмыс жүргізу керек. Бұл – қол жеткізуге болатын мақсат”, – деп түйіндеді продюсер.