
Астанада бокстан өткен әлем кубогында Абылайхан Жүсіпов өз жекпе-жегінің нәтижесіне наразылық білдірді.
70 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абылайхан Жүсіпов алғашқы айналымда Қырғызстанның өкілі Алмаз Оразбековпен жұдырықтасты. Екі раундта қазақстандық боксшы 5:0 есебімен басым түсіп, айқын көш бастап келе жатқан. Алайда үшінші раундта бас жарақатын алып, кездесу тоқтатылды.
Төбелес аяқталған соң төрешілер жеңісті қырғыз спортшысына беріп, көпшілік үшін күтпеген шешім шығарды.
Жекпе-жектен кейін Sport+ арнасына сұхбат берген Жүсіпов төрешілер шешімімен мүлде келіспейтінін айтты:
“Бұрынғы ережеге сай, баспен соқтығысып, жекпе-жек тоқтатылса — ұпай саналып, басым тұрған боксшы жеңіске жететін. Эйндховенде екі апта бұрын дәл осындай жағдай болды: өзбек Асахуджамен финалда соқтығысып қалдық, 1-раундты 3:2 есебімен мен алдым — жеңіс маған берілді. Бұл жолы да сондай шешім болу керек еді”, — деді боксшы.
Жүсіповтің айтуынша, ол бірінші және екінші раундта айқын басымдықпен ұтқан, ал үшінші раундты да сенімді бастаған. Сондықтан ол өзін жеңілді деп есептемейді.
Абылайхан Жүсіпов — Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2017, 2021), сондай-ақ әлем чемпионаттарында үш рет қола медаль жеңіп алған (2017, 2019, 2021). Жасындай жарқыраған боксшының бұл жолғы жеңілісін көпшілік “әділетсіз шешім” деп қабылдауда.