
Алматыда өткен кәсіби бокс кешінде Қазақстан боксшысы Саматали Төлтаев өзбек қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсіріп, UBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.
Қазақстандық кәсіби боксшы Саматәлі Төлтаев (6-0, 3 КО) Алматыда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде қарсыласын бірінші раундта-ақ сұлатып түсіріп, жаңа титул иегері атанды.
Жеңіл салмақтағы UBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін өткен айқаста Төлтаев өзбекстандық Абдулазизбек Нажмиддиновты (11-2, 9 КО) бірінші раундта нокаутқа жіберді. Бұл — Саматалидың кәсіпқой бокстағы алтыншы жеңісі және үшінші нокауты.
Көрсеткен әсерлі жеңісінен кейін Төлтаев өзінің Instagram парақшасында қысқа әрі нық жазба қалдырды:
«Келесісін жіберіңіздер», – деп жазды ол.
Бұл сөздер оның кәсіби рингтегі келесі қарсыласқа дайын екендігін аңғартады.
Айта кетейік, Саматәлі Төлтаев 2023 жылы әуесқойлар арасында өнер көрсетіп жүрген кезінде допинг дауына іліккен болатын. Оның қанынан тыйым салынған анаболикалық стероид — оралтуринабол табылып, спортшы Қазақстан құрамасынан шығарылып, 2026 жылдың 31 наурызына дейін жарыстардан шеттетілген еді.