
UAE Warriors лигасындағы дебютінде ол жарақатына қарамастан үш раунд бойы күресіп, төрешілер шешімімен ғана жеңілді. Жанкештілігімен көзге түскен спортшы бұл жекпе-жекті «жеңіліс емес – сынақ» деп атады.
Қазақстандық ММА файтері Жасұлан Әкімжан ауыр жарақатына қарамастан, UAE Warriors лигасындағы дебюттік жекпе-жегін соңына дейін өткізді. Қолы сынған күйі үш раундқа шыдап, тек төрешілердің шешімімен жеңілді.
Әбу-Дабиде өткен турнирде Жасұланның қарсыласы бразилиялық Фелипе Дуглас болды. Қос спортшы арасындағы тартыс толық үш раундқа созылып, жеңіс оңтүстік америкалық файтердің еншісіне жазылды.
Алайда айқастың басты тақырыбы – нәтиже емес, Жасұланның жанкештілігі мен рухы болды. Ол жекпе-жек басталған сәтте қолын сындырып алып, қалған бөлігін тек бір қолмен өткізді.
Жекпе-жектен кейін берген пікірінде Жасұлан Әкімжан:
«Өкінішке орай, жекпе-жектің алғашқы раундында қолымды сындырып алдым. Бұл жекпе-жектің басында, соққы салған сәтте орын алды.
Сол сәттен бастап, мен жалғыз қолмен айқастым. Ауыр болды. Бірақ мен шегінуді, берілу дегенді білмеймін.
Бұл жеңіліс емес. Бұл — сынақ. Мен оны намыспен өттім.
Жекпе-жекте бәрі болуы мүмкін. Бірақ нағыз жауынгер — ауыр сәтте де соңына дейін күреседі.
Мен сынбадым. Ешқашан да сынбаймын. Бұл — тек бастамасы», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Topology порталының дерегі бойынша, бұл жекпе-жек Жасұлан үшін кәсіби мансабындағы төртінші жеңіліс болды. Бұған дейін ол Naiza Fighting Championship турнирінде қатарынан екі рет жеңіске жетіп, UAE Warriors лигасына жолдама алған болатын.