
Қазақстандық боксшы қыз Наталья Богданова Ливерпульде (Англия) өтіп жатқан World Boxing ұйымының әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Богданова Үндістан боксшысы Санамача Чану Тхокчомға қарсы шықты. Жекпе-жектің алғашқы раундында Наталья қарсыласын нокдаунға түсіріп, басымдықты өз қолына алды.
Кездесу соңында төрешілер бірауыздан қазақстандық спортшының жеңісін тіркеді.
Осылайша Богданова әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алып, медаль үшін күресін жалғастырады. Ал 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Санамача Тхокчом турнирден шығып қалды.
Айта кетейік, Наталья Богданова 2025 жылы өткен IBA әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. Бұл оның әуесқой бокстағы ең ірі жетістігі саналады.