
Орта салмақтағы WBC чемпионы қазақстандық боксшымен жекпе-жекке шықса, нокаутқа жіберетінін жасырмай айтты.
Орта салмақтағы WBC әлем чемпионы Карлос Адамес қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлына ашық сес көрсетіп, егер жекпе-жек келісілсе, оны рингте нокаутқа жіберетінін мәлімдеді.
Әлеуметтік желіде жанкүйерлердің бірі Адаместі Жәнібектен әдейі қашып жүр деп айыптаған. Алайда доминикан боксшысы мұндай пікірді жоққа шығарып, мәселе промоутерлерге байланысты екенін жеткізді.
«Шынайы осы жекпе-жекті ұйымдастыруды қалайтын промоутер табылса, мен бүгін-ақ келісімшартқа қол қоямын. Бәрі оңай. Ал қол қойылған соң, оны терең ұйқыға жіберемін», – деді Карлос Адамес.
Бұл қарсыластық бірнеше айдан бері бокс жанкүйерлерінің басты тақырыбына айналды. Сауд Арабиясының ойын-сауық істері басқармасының төрағасы Турки әл-аш-Шейх пен Жәнібектің менеджері Эгис Климас бұған дейін Адаместі келіссөзді әдейі созып отыр деп айыптаған.
Нәтижесінде қос мықтының жекпе-жегі әлі күнге дейін нақты бекітілмей келеді.
Жәнібек Әлімханұлы мен Карлос Адамес арасындағы айқас – орта салмақтағы ең күткен жекпе-жектердің бірі. Әлемдік бокс сарапшылары бұл кездесуді «шындық сәті» деп бағалап отыр. Егер жекпе-жек жүзеге асса, Әлімханұлы өзінің әлемдік деңгейдегі мықты екенін дәлелдеуге мүмкіндік алады, ал Адамес өзінің сөзін іспен көрсетуге тиіс болады.