
АҚШ-тың бокс жұлдызы Райан Гарсия Геннадий Головкиннің Даңқ залына енуіне қарсы пікір білдіріп, оның «ұлы жеңістері жоқ» деп мәлімдеді.
АҚШ-тағы атышулы боксшы Райан Гарсия тағы да жанкүйерлер назарын өзіне аударды. Бұл жолы ол қазақстандық чемпион Геннадий Головкиннің (GGG) бокстағы мұрасын сынға алып, Даңқ залына кіруге лайық емес деген пікір айтты.
“Геннадийдің ұлы жеңістері жоқ. Ол кімдерді жеңді? Иә, ол бокстың ең жарқын жұлдыздарының бірі болды, бұл үшін құрметтеймін. Бірақ Даңқ залы деген – нағыз ұлылардың орны. Мен оны сол деңгейде көріп тұрған жоқпын,” – деді Гарсия.
Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Көптеген жанкүйер Гарсияның пікірін “құр қызғаныш” деп бағаласа, кейбірі Головкиннің мансабы соңғы жылдары бәсеңдегенін мойындайды.
Геннадий Головкин 2022 жылы Сауль “Канело” Альварестен жеңілген соң, рингке қайта шыққан жоқ. Дегенмен, ол ресми түрде мансабын аяқтаған жоқ және қазіргі уақытта World Boxing ұйымының президенті лауазымына кандидат болып отыр.
Ал Райан Гарсияның өзі де соңғы уақытта қиын кезеңдерді бастан өткеріп жүр. Бір жылдық допингтік дисквалификация мен психологиялық дағдарыстан кейін ол Роландо Ромероға қарсы жекпе-жекте төрешілер шешімімен жеңіліп, рингке қайта оралған болатын.