
Қазақстандық әлем чемпионы Ангелина Лукас спорттағы ЛГБТ өкілдері мен трансгендер спортшылар туралы пікір білдіріп, өзінің 2020 жылы болған даулы жекпе-жегін еске алды.
Әлемдік аренада Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүрген Ангелина Лукас спорттағы ең өткір тақырыптардың бірін қозғады. Боксшы трансгендер спортшылардың әйелдер рингіне шығуына қарсы екенін ашық айтты.
«2020 жылы Иорданияда өткен лицензиялық турнирде Таиландтан келген қарсылас маған түсіп еді. Барлық жағынан – сырт келбет, физика, соққы күші – нағыз ер адам екені байқалды. Жекпе-жек 3:2 есебімен менің қарсыласыма берілді. Бұл – әділетсіздік болды», – деді Лукас.
Ол өз сөзінде ерлер мен әйелдердің физикалық айырмашылығын жақсы білетінін және мұндай жекпе-жектердің әйелдер спортына зиян тигізетінін айтты.
«Мен күнде ерлермен спарринг өткіземін. Ер адамның күші мүлде басқа деңгейде. Мұндай спортшыларды әйелдерге қарсы шығару — әділетсіз. Бұл – спорт емес», – деді ол.
Сол жеңілістен кейін Лукас Олимпиада жолдамасынан айырылғанын айтты.
Боксшы одан кейін қазақстандық бокстағы ЛГБТ өкілдері туралы да пікір білдірді. Ол мұндай құбылыстардың бар екенін мойындап, бірақ жастарға үлгі болмауы керек екенін баса айтты.
«Мұндай спортшылар бар, оны бәрі біледі. Бұл – олардың жеке таңдауы. Бірақ мұны ашық дәріптеуге болмайды. Біз Америка емеспіз. Мұндай жағдайдың алдын алу керек», – деді спортшы.
Сонымен қатар, Лукас ЛГБТ өкілдерін жек көруге болмайтынын, бірақ олардың жағдайын психологиялық тұрғыдан түсініп, қоғаммен жұмыс істеу керектігін жеткізді.
«Мұндай адамдарды қорлауға болмайды. Бірақ бұл – рухани дағдарыс. Адамның санасын түзету керек. Дін де, табиғат та ер мен әйелдің одағын айтады. Біз соны ұмытпауымыз керек», – деді ол.
Ангелина Лукас – қазақстандық әйелдер боксының ең танымал тұлғаларының бірі.