
Семейдегі Қазақстан чемпионатында ұлттық құрамасының бірінші нөмірлі боксшысы, 63,5 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Мұхамедсабыр Базарбайұлы өз жолын сенімді жеңіспен бастады.
Боксшы алғашқы жекпе-жегінде қарсыласы Эмирхан Шашуевті 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Айта кетсек, Базарбайұлы бұған дейін Париж-2024 Олимпиадасында ел намысын қорғап, ширек финалға дейін жеткен болатын. Сол тәжірибе оның рингтегі сенімді қимылына, тактикалық артықшылығына және шабуылдағы дәлдігіне негіз болды.
«Бұл тек бастамасы. Алда — шешуші кезеңдер. Мен елімнің абыройын қорғауға бар күшімді саламын», — деді спортшы айқастан кейінгі сұхбатында.
Биылғы Қазақстан чемпионаты алғаш рет World Boxing ұйымының жаңа ережелері мен салмақ категориялары бойынша өтуде. Бұл өзгеріс ұлттық бокс жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған.
Жарыс 21 қазанға дейін жалғасады және елдің үздік боксшылары финалдық жолдамалар үшін тартысты кездесулер өткізуде.