Бибосынов пен Жүсіповтың айқын жеңістері: Қазақстан чемпионатының екінші күні қалай өтті
Семейде 2025 жылғы бокстан Қазақстан чемпионатының екінші күні мәреге жетті.
Ерлер арасындағы басты кездесулер
- 55 келі
Сәкен Бибосынов Нұрахмет Берікболовты таза жеңіспен ұтты — 5:0.
Олимпиада жүлдегері мен әлем чемпионы бұл кездесуде толық үстемдік танытып, турнир фавориті екенін дәлелдеді.
- 60 келі
Серік Теміржанов та сенімді жеңіске жетті. Қарсыласы Нұрасыл Төлебек еш мүмкіндікке ие болмады.
Ал осы салмақта күтпеген нәтиже тіркелді: Ерболат Сабыр сенсациялық түрде Жансері Көшербаевтан ұтылып қалды — 1:4.
Бибарыс Жексен өз кезегінде Алдияр Мелсты 5:0 есебімен жеңді.
- 70 келі
Тәжірибелі Абылайхан Жүсіпов төрешілердің бөлінген шешімімен Мырзахан Мәуленовты 3:2 есебімен тізе бүктірді. Бұл салмақтағы ең тартысты жекпе-жек болды.
- 80 келі
Мұхамедсабыр Базарбайұлы айқын басымдық танытып, Эмирхан Шашуевті 5:0 есебімен ұтты.
- 90 келі және 90+ келі
Нұрлан Сапарбай Ерсұлтан Сапарды 5:0 есебімен жеңсе, оның бауыры Даниял Сапарбай ауыр салмақта Нұрболат Семрахановты дәл сондай есеппен тоқтатты.