Қазақ боксшысы бес жылдық үзілістен соң рингке оралмақ
Оның жекпе-жегі 15 қараша күні Мәскеуде өтеді.
Кәсіпқой бокста «Адай» лақап атымен танылған қазақстандық боксшы Уәлихан Бисенқұлов (11-2, 10 KO) бес жылдық үзілістен кейін қайта шаршы алаңға шықпақ.
BoxRec ресми дерекқорында Уәлихан Бисенқұловтың келесі жекпе-жегі тіркелген. Ол 15 қараша күні Ресей астанасы Мәскеуде өтетін бокс кешінде өнер көрсетеді. Әзірге қарсыласының есімі жарияланған жоқ, бірақ промоутерлік тарап алдағы күндері ресми мәлімет тарататынын мәлімдеген.
Соңғы жекпе-жегі
Бисенқұлов соңғы рет шаршы алаңға 2020 жылдың желтоқсанында Алматыда шықты. Сол жекпе-жекте ол қазақстандық боксшы Михаил Криницинді (11-11-2, 7 KO) төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңген еді. Осы кездесуден кейін Уәлихан ұзақ уақыт бокс жанкүйерлерінің көзінен таса болды.
Уәлихан Бисенқұловтың кәсіпқой бокстағы көрсеткіші:
- 13 жекпе-жек
- 11 жеңіс
- 10 нокаут
- 2 жеңіліс
Уәлихан кәсіпқой боксқа 2018 жылы дебют жасап, алғашқы 5 жекпе-жегін Ресейде өткізген. Сол кезде ол қазақстандық бокс жанкүйерлерінің тарапынан «қатал стильдегі үмітті боксшы» ретінде бағаланған.