
Семейде бокстан Қазақстан чемпионатының финалында тартысты әрі ауыр айқас өтті. 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Түркістан облысының боксшысы Сағындық Тоғамбай қарсыласы Нұрмұхаммед Юсуповқа қарсы сенімді жеңіске жетті.
Жекпе-жектің алғашқы раундтарынан-ақ Тоғамбайдың тактикасы мен қозғалысы айқын басымдық танытты. Ол қарсыласының шабуылдарын шебер тойтарып, өзі жылдам әрі дәл соққылармен жауап беріп отырды. Сағындықтың қимылы мен корпус жұмысы Юсуповтың соққыларынан оңай жалтаруға мүмкіндік берді.
Кездесудің соңғы раундында Нұрмұхаммедтің мұрнынан қан кетіп, шаршағаны байқалды. Ал Тоғамбай болса темпті түсірмей, айқасты толық бақылауда ұстады. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен Сағындық Тоғамбай Қазақстан чемпионы атанды.
Бұл жеңіс Тоғамбай үшін ерекше мәнге ие. Себебі ол бұған дейін Ливерпульде өткен әлем чемпионатының ширек финалында өзбек боксшысы Турабек Хабибуллаевтан ауыр жеңіліс тапқан болатын.
Сол жеңілістен кейін Сағындық өз қателіктерін түзей отырып, рингке мүлде басқа деңгейде оралды. Оның бұл жеңісі – өзін қайта дәлелдеу мен нағыз спортшы ерік-жігерінің көрінісі.