
Ангелина Лукас биылға қойылған жоспарымен бөлісті.
Кәсіпқой бокста табысты өнер көрсетіп жүрген қазақстандық Ангелина Лукас қараша және желтоқсан айларында рингке шығатынын хабарлады.
«Менің алдағы жекпе-жегімнің уақыты ресми түрде жарияланды, ол 3 желтоқсанда Дубайдағы Agenda Arena-да өтеді. Дубайда тұратын жанкүйерлерімді күтемін. Бірақ оған дейін – 14 қарашада Каирде АҚШ боксшысымен WBA Gold World Champion белбеуін сарапқа саламыз. Кесте тығыз, бірақ мен тоқтаусыз еңбектеніп, бабымды сақтап, мақсатымнан таймаймын. Келер жылы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасамын. Менің мақсатым – Қазақстанның көк туын әлемнің әр бұрышында желбірету», – деді Лукас.
Естеріңізге сала кетейік, өзінің соңғы жекпе-жегін Лукас 1 маусымда Таразда өткізді. Сол кезде ол екінші аса жеңіл салмақта IBO атағын сәтті қорғады. Ал оның қарсыласы чилилік Даниэла Асенхо (17-5, 2 КО) болды. Кездесу мерзімінен бұрын аяқталды, себебі Асенхо жетінші раундқа шығудан бас тартты.