Қазақстандық кәсіпқой боксшы Алмат Жұманов (8-1, 5 КО), жанкүйерлерге «Қазақ Титаны» атымен танымал, келесі айқасының қашан және кімге қарсы өтетінін ресми түрде мәлімдеді.
Жұманов 6 желтоқсан күні Таиланд астанасы Бангкокта өтетін кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңға шығады. Қазақ боксшысы жергілікті спортшы — тай боксшысы Джирасак Красанкуанмен (3-7, 3 КО) күш сынасады.
Бұл жекпе-жек Алматтың шетелдегі кезекті сынағы болмақ, ал Бангкок қазақстандық үшін таныс алаңға айналып келеді.
Алмат Жұманов Instagram-парақшасында жанкүйерлеріне арнайы алғыс айтты:
«Ассалаумағалейкум, қазақстандықтар! Қолдауыңызға рақмет, Алла қаласа, жеңіспен қуантайық!» – деп жазды «Қазақ Титаны» әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, Алмат Жұманов соңғы рет 1 қараша күні Бангкокта шаршы алаңға шыққан. Ол кезде жергілікті боксшы Саксит Киджнукорнмен (1-3, 1 КО) кездескен. Бес раундқа жоспарланған жекпе-жек бірінші раундтың өзінде-ақ аяқталды – Жұманов қарсыласын нокаутпен жеңіп, әсерлі жеңісіне тағы бірін қосты.