Кеше қазақстандық жанкүйерлер күтпеген жаңалық естіді. Жәнібек Әлімханұлы Сан-Антониода Эрисланди Ларамен жекпе-жекке төрт-ақ күн қалғанда тапсырған допинг-тестінен оң нәтиже көрсеткені белгілі болды. Соның салдарынан көптен күткен жекпе-жек ресми түрде тоқтатылды.
Sportarena.kz тілшісі осы резонансты оқиғаға пікір білдіруді сұрап, ММА-дан әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Айдар Махметовке жүгінді.
Махметов те бұл жаңалықты күмәнмен қабылдап, асығыс үкім шығармауға үндеді:
«Кәсіби бокста допинг мәселесіне әуесқой спорттағыдай тым қатаң қарай бермейді. Тайсон Фьюри де допингпен бірнеше рет ұсталды. Хайме Мунгия да болды, бірақ ол препараттың қоспалар арқылы ағзаға түскенін дәлелдеп шықты.
Жәнібек Әлімханұлының жағдайында мельдоний қоспалар арқылы кірді деп дәлелдеу қиын, себебі ол — таза медициналық дәрі. Ең үлкен сұрақ – неге алғашқы допинг сынамасы таза, ал кейінгісі оң болды? Бұл жерде жауаптан гөрі сұрақ көп», — дейді Айдар Махметов.
Мельдоний препараты 2016 жылдан бастап VADA тарапынан тыйым салынған дәрілер қатарына енгізілген. Дәл сол жылы Жәнібек Әлімханұлы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында жұдырықтасқан еді.
Айдар Махметов Әлімханұлының мүмкін болатын жазасы және оның қолындағы WBO және IBF чемпиондық белбеулерінің болашағы туралы да пікір білдірді:
«Менің ойымша, Жәнібекке аса ұзақ дисквалификация берілмейді. Мұндай жағдайларда әдетте жарты жыл, ары кетсе бір жылға шеттету болуы мүмкін. Әсіресе, мельдоний секілді препараттар үшін.
Ал белбеулер тағдыры — ұйымдастырушылар мен ұйымдардың шешіміне байланысты. Үкім шыққан соң, мүмкін Жәнібекті титулдарынан айырып, дисквалификация мерзімі біткеннен кейін қайтадан чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуға мүмкіндік берер», — дейді ол.
Яғни, әзірге басты интрига — қазақстандық чемпион өз титулдарын сақтай ма, жоқ па деген сұрақтың төңірегінде.