Қазақ кәсіпқой боксшысы Мейірім Нұрсұлтанов (20–0, 11 КО) орта салмақта WBC белбеуіне міндетті үміткер ретінде чемпион Карлос Адамеспен (Доминикан Республикасы, 24–1–1, 18 КО) жекпе-жек өткізу туралы тапсырма алды.
Орта салмақта (middleweight) өнер көрсететін жеңілмеген қазақ боксшысы WBC нұсқасы бойынша бірінші орында тұр. Осылайша ол ұйымның ресми міндетті қарсыласы атанып, Карлос Адамеспен чемпиондық белбеу үшін айқасуға құқық алды.
The Ring-тің хабарлауынша, бұл шешім WBC Конвенциясы аясында өткен жыл сайынғы міндетті жекпе-жектер сессиясында қабылданған.
«Бүгін WBC Конвенциясында міндетті жекпе-жектерге арналған дәстүрлі сессия өтті. Оның қорытындысы бойынша бекітілген бірқатар жекпе-жектерге назар аударыңыздар», – делінген беделді басылымның Instagram-парақшасында.
Мейірім Нұрсұлтанов соңғы рет рингке 2023 жылдың күзінде Ташкентте шықты. Сол кездесуде Чили боксшысы Хулио Аламосты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, жеңілмеген статусын сақтап қалды.
Осыдан кейін қазақстандық боксшының рейтингі өсіп, орта салмақта WBC-дің басты үміткеріне айналды.
Айта кетейік, осыған дейін орта салмақтағы аса маңызды біріктіруші айқас – WBO/IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек өтпейтін болды.
Хабарланғандай, допинг-тест нәтижесінде Әлімханұлының сынамасынан тыйым салынған зат анықталғаны туралы ақпарат шыққаннан кейін бұл жекпе-жек ресми түрде тоқтатылды.