Дубайда Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) қамқорлығымен өтіп жатқан 2025 жылғы әлем чемпионаты аясында Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары бірлескен жаттығу өткізіп жатыр.
Өзбекстандық Bugun_sport спорт порталының Instagram-парақшасында Қазақстан және Өзбекстан ұлттық құрамаларының ортақ жаттығуынан видео жарияланды. Кадрларда қос құрама боксшылары жұп-жұп болып бөлініп, жаттығу элементтерін орындайтыны көрінеді.
Жаттығу процесін Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов пен Өзбекстан командасының бас бапкері Тулкин Киличев бірге жүргізіп отыр.
Видеодағы дауыс бірлескен дайындықтың тарихына да тоқталады: достық сипаттағы алғашқы оқу-жаттығу жиыны Өзбекстанда басталып, кейін Қазақстанда жалғасқан. Енді бұл серіктестік 2025 жылғы әлем біріншілігі қарсаңында Дубайдағы ортақ жаттығуға ұласқан.
Автордың айтуынша командалар жоспарлы түрде бірге дайындалып, бапкерлер бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр:
«Әлем чемпионаты алдында екі құраманың да боксшылары бірге жаттығу өткізуде. Команданың барлық мүшесі маңызды старт қарсаңында дайындық үстінде, ал жаттықтырушылар спортшылардың шеберлігін арттыру үшін бірлесе еңбектеніп жатыр. Доров ака бапкерге, Абдумалик Халоковтың ұстазына сәлем. Жалпы барлық боксшылар бірге дайындалып, спаррингтерге шығып, бір-біріне оқу-жаттығу жиынында да көмектесуде», – делінген видеода.
Бұл формат екі елдің бокс мектептері арасындағы өзара байланыс пен тәжірибе алмасудың жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді.
IBA туы астында өтетін 2025 жылғы бокстан әлем чемпионаты Дубайда өтіп жатыр және турнир 13 қарашаға дейін жалғасады.
Қазақ және өзбек жанкүйерлері бір рингте бірге дайындалып, әлемдік аренада жеке-жеке жүлде үшін жұдырықтасатын боксшылардан жарқын жекпе-жектер күтуде.