Санатәлі Төлтаев Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатының ширек финалында Өзбекстанның даулы жұлдызы, 2024 жылғы Олимпиада чемпионы Асадхуджа Муйдинхуджаевпен шаршы алаңға шығып, нағыз «қырғын» жекпе-жек өткізді.
67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Санатәлі Төлтаев үшін ширек финалда қарсылас осал болған жоқ.
Асадхуджа Муйдинхуджаев:
Соған қарамастан қазақ боксшысы жекпе-жекті тайсалмай бастап, қарсыласымен тең дәрежеде айқас жүргізді.
Бірінші раундта өзбек боксшысының дәл түскен соққыларының бірінен кейін Санатәлі Төлтаевтың беті жарылды. Қанға боялғанына қарамастан Төлтаев айқасты тоқтатпай, алға қарай қадам басты. Физикалық және моральдық тұрғыдан ешкімге есе жібермейтінін көрсетті. Атақты қарсыласынан еш қалыспай, раундтар бойы шабуылмен жұмыс істеді.
Көпшілік үшін тартысты өткен кездесудің нәтижесін қазылар шешімі айқындады. Жекпе-жек төрешілердің бөлек шешімімен қорытындыланды. Жеңіс Өзбекстан өкілі Асадхуджа Муйдинхуджаевқа берілді.Осылайша Төлтаев әлем чемпионатындағы жорығын ширек финалда аяқтады.
Айта кетейік, Асадхуджа Муйдинхуджаевтың есімі қазақстандық жанкүйерлер үшін бұрыннан-ақ даулы жекпе-жекпен байланысты.
World Boxing аясындағы әлем чемпионатында ол қазақстандық боксшы Ертуған Зейнуллиновты даулы, көп пікірталас тудырған төрелік шешіммен жеңген еді.
Сол кезде қазақстандық жанкүйерлер әлеуметтік желілерде Муйдинхуджаевтың аккаунттарына жаппай наразылық комментарийлерін жазды. Жекпе-жек пен төрешілер жұмысы ұзақ уақыт бойы талқылаудан түспеді.