Жартылай ауыр салмақта (79,4 келіге дейін) бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Артур Бетербиев қазақстандық боксшылар туралы ойын айтты. Танымал былғары қолғап шебері қазақ боксының деңгейі әлі де әлем элитасында екенін атап өтті.
Ресейлік боксшының айтуынша, қазақстандық бокс мектебі ұзақ жылдар бойы жоғары деңгейін сақтап келеді және қазіргі күнге дейін медальдармен, тартысты жекпе-жектермен бұл беделін дәлелдеп жүр.
«Қазақстанда әрдайым бокстың деңгейі жоғары болды. Өзім де қазақ жігіттерімен жиі бәсекеге түстім. Қазақстандық қарсыластармен жекпе-жектерім болды. Қазақстан боксы әрдайым өте маңызды, әрі қауіпті қарсылас ретінде қабылданды», – деп есіне алды Бетербиев.
Ол әуесқой рингтегі кезеңінде-ақ қазақ боксшылары халықаралық турнирлерде тұрақты түрде көш басында болғанын айтады.
Артур Бетербиев сұхбат барысында қазақстандық бокс аңызы Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс даңқ залына енгізілуіне де пікір білдірді.
«Головкиннің Халықаралық даңқ залына қосылуы – толықтай әділ шешім. Ол әуесқой бокста да, кәсіпқой деңгейде де үлкен жолдан өтті», – деді экс-чемпион.
Бетербиевтің ойынша, GGG тек рингтегі жұлдыз емес, Қазақстанның беделін әлемдік бокс аренасында жаңа деңгейге көтерген тұлға.
Бұрынғы әлем чемпионы қазіргі қазақстандық боксшылар легіне де жоғары баға берді. Оның сөзінше:
«Қазіргі буын қазақ боксшылары өздерінен бұрынғы чемпиондардың жолын лайықты түрде жалғастырып келеді. Елдегі дайындық жүйесі мен ішкі бәсеке Қазақстанға жыл сайын әлемдік деңгейдегі жаңа чемпиондарды шығаруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Бетербиев.