Қазақстан ерлер құрамасында бас бапкер ауысқаннан кейін бокста маңызды сұрақтардың бірі күн тәртібіне шықты: екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайдың ұлттық құрамадағы статусы қалай қалыптасады? Осы тақырыпқа қатысты бұрынғы ұлттық құрама бапкері Дамир Буданбеков пікір білдірді.
Дамир Буданбековтің айтуынша, бұл мәселе бұрыннан талқыланып келеді. Ол 2024 жылы құрама тізгінін ұстаған Қайрат Сәтжановтың ұстанымын еске алды.
Буданбековтің сөзінше, Сәтжанов сол кезде "бас бапкердің жеке шәкірті болмауы керек" деген ой айтқан. Алайда қазіргі жағдайда бас бапкердің жеке тәрбиелеген спортшысы бар. Соған қарамастан экс-жаттықтырушы мұны трагедия ретінде қабылдауға болмайтынын жеткізді:
"Бұл пікір 2024 жылы айтылды, ал қазір 2026 жыл. Сондықтан мұнда аса үлкен мәселе жоқ деп ойлаймын", — деген мазмұнда ойын айтты.
Еске сала кетейік, 10 қаңтарда Қазақстан ерлер құрамасында күтпеген кадрлық ауыс-түйіс болды.
Қайрат Сәтжанов бас бапкер қызметінен кетті. Оның орнына Нұржан Насанов тағайындалды.
Нұржан Насанов Санжар Тәшкенбайдың жеке бапкері ретінде танымал.
Қазірге дейін бұл тақырыпқа байланысты Нұржан Насанов та, Қазақстан бокс федерациясы да ресми түсіндірме берген жоқ. Сондықтан жанкүйерлер арасында "жеке шәкірт мәселесі қалай шешіледі, Тәшкенбайдың дайындық жүйесі мен құрамадағы рөлі өзгермей ме?" деген сұрақтар көбейіп отыр.