Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков IBF/WBO тұжырымдамалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг ісі қосымша медициналық, сараптамалық және құқықтық бағалауды қажет ететінін мәлімдеді.
Ерденбековтің айтуынша, федерацияның тәртіптік комиссиясы алғашқы тыңдауды өткізіп, онда басты мақсат материалдар мен рәсімдерді бастапқы деңгейде тексеру болған. Сол кезеңнің өзінде-ақ іс “формальді түрде” ғана қаралатын жағдай емес екені анықталған.
Осыған байланысты күрделі допинг істерінде қолданылатын халықаралық тәжірибеге сай қайта тыңдау тағайындалған.
Тәртіптік комиссияның екінші тыңдауы 23 қаңтарға белгіленген.
Федерация басшысы маңызды бір жайтты ерекше атап өтті. Допинг сынамасының оң шығуы спортшының қасақана әрекетін немесе ауыр кінәсін автоматты түрде дәлелдемейді. Комиссия істі халықаралық спорт құқығындағы No Significant Fault or Negligence (яғни “елеулі кінәсі немесе салғырттығы жоқ” қағидасы) принципін ескере отырып қарастырады.
Сондай-ақ, барлық рәсімдер толық аяқталмайынша комиссия соңғы қорытынды жасауға асықпайтынын жеткізген.
Еске салайық, желтоқсан айында қазақстандық боксшының талдауынан тыйым салынған зат — мельдоний анықталған. Осыдан кейін Әлімханұлының кубалық Эрисланди Лараға қарсы үш әлемдік титул үшін жоспарланған жекпе-жегі іске аспады.
Жәнібек командасы B үлгісін ашуды сұраған, бұл процедура 8 қаңтарда орындалған.