Астанада өтетін 2027 жылғы бокс әлем чемпионатында Олимпиада-2028 жолдамалары сарапқа салынады.
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов 2027 жылы Астанада өтетін бокс бойынша әлем чемпионаты туралы егжей-тегжейлі айтып, 2028 жылғы Олимпиада алдындағы лицензиялық турнирлерді атап өтті, деп хабарлайды Qolda YouTube-арнасы.
"Келесі бокс бойынша әлем чемпионаты келесі жылы Астанада өтеді. Жақын уақытта нақты өтетін күндері белгілі болады. Бұл лицензиялық турнир болады. Менің білуімше, жартылай финалға шыққан боксшылар Олимпиада-2028 жолдамасын алады, ал ауыр салмақта лицензия бірінші және екінші орын алғандарға беріледі. Одан кейін Азия чемпионаты өтеді, онда да лицензиялар сарапқа салынады. Ал 2028 жылдың басында тағы бір халықаралық турнир ұйымдастырылады. Әзірге нақты ақпарат жоқ, бірақ қазір осындай әңгімелер айтылып жатыр", – деді Ақшалов.
Соңғы рет Қазақстан ерлер арасындағы бокс бойынша әлем чемпионатын 2013 жылы қабылдаған. Турнир 14–26 қазан аралығында Алматыда өтті. Сол жарыста Қазақстан құрамасы 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болған.
Астанада әлем чемпионатын өткізу туралы шешім 2024 жылы жарияланған. Олимпиада-2028 алдындағы басты турнир World Boxing ұйымының аясында өтеді.
Алдағы жазғы Олимпиада ойындары 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді. Төртжылдықтың басты додасы 4–30 шілде аралығында ұйымдастырылады.