Қазақстандық аралас жекпе-жек өкілі Әнуарбек Бекембетов (лақап аты — "Мотиватор") әлеуметтік желі арқылы танымал комик Нұрлан Сабуровты жекпе-жекке шақырды. Ол әзілкешпен бокс ережесі бойынша жұдырықтасуға дайын.
"Мотиватор" Instagram парақшасында видео жариялап, Сабуровқа тікелей жолдау жасады. Ол комиктің бокспен айналысатынын жиі көрсететініне меңзеп, жекпе-жекке шығуға дайын екенін айтты.
Мазмұны бойынша файтердің сөзі: Сабуровқа қатысты Ресейдегі жағдайдан хабарсыз екенін айтып, "бокста көрінбей кеттің, бірақ бокста жаңалық бар сияқты, қажет болса — мен дайынмын" дегенге саяды.
Нұрлан Сабуров бұл шақыртуға әзірге жауап берген жоқ.
Комик әлеуметтік желілерде жиі жаттығу залынан видео жариялап, боксқа қызығатынын көрсетіп жүреді. Дегенмен бұл жолы кәсіби спортшының шақыртуы көпшіліктің назарын ерекше аудартты.
38 жастағы файтер жанкүйерлерге тек жекпе-жектегі өнерімен емес, даулы мәлімдемелерімен және түрлі оқиғаларымен де таныс.
Ол 2024 жылы Алматыдағы қонақүйде қырғызстандық спортшы Марсель Нұрланбековпен жанжалдасып, соңы төбелеске ұласқан. Нәтижесінде екі тарапқа да дисквалификация берілген.
Ал 2025 жылдың соңына қарай "Мотиватор" агрессивті сипаттағы видеоға байланысты 15 тәулікке қамауға алынған. Файтер роликтің "қойылым" екенін, қаралым мен лайк үшін түсірілгенін айтқанымен сот оны негіз ретінде қабылдамаған.
Бұған дейін ақпарат кеңістігінде Нұрлан Сабуровтың Ресейге кіруіне ұзақ мерзімге шектеу қойылғаны туралы хабар тараған. Мәлімет бойынша, ол Дубайдан оралған соң Мәскеудегі Внуково әуежайында тоқтатылған.
Сол оқиғадан кейін Сабуров Қазақстанға билет алып, 7 ақпанда таңертең Алматыға келді. Келесі күні, 8 ақпанда комик Instagram стористе бұл жағдайды көпшілік алдында талқыламайтынын, мәселені заңгерлер қарайтынын жеткізген.
Сабуров сондай-ақ шығармашылық жолының бір бөлігі Ресейде өткенін еске алып, көрерменнің қолдауы үшін алғыс білдіргені және журналистер мен блогерлерден отбасының жеке өміріне араласпауды сұрағаны жазылған.