Қазақстан құрамасының бұрынғы боксшысы Қанат Орақбаев Софияда өткен "Странджа"–2026 турниріндегі ұлттық құраманың өнеріне баға беріп, қазіргі боксшыларға ең қажет қасиетті айтты.
Орақбаев "Странджа" турнирінің беделі бұрыннан жоғары екенін еске салды. Айтуынша, өзі бұл жарысқа 2007 жылы қатысқан.
"Жуырда “Странджа” турнирі аяқталды. Бұл жарыс баяғыдан мықты саналады. Биыл біздің жігіттер екі медаль алды. Команданың жанында болмадым, сондықтан бұл нәтижеге қатысты қорытындыны бапкерлер мен федерация шығарады.
Бірақ қазіргі боксшыларымызға спорттық мінез жетіспейді. Мінез болмаса, бәрі бекер. Жеңісті жұлып алу керек. Бізге жетіспейтіні — осы. Әрине, бәрі спорттық этика аясында болуы тиіс: шектен шықпайсың, бірақ өз артықшылығыңды да қолдан жібермейсің. Тек рингке шығып, өзіңді көрсету аздық етеді. Төрешілер де жеңісті “жұлып алуға” келгендерді байқайды", — деді ол.
Бұрынғы спортшының айтуынша, қазақстандық боксшылар техника жағынан Өзбекстаннан кем емес, тіпті басым болуы мүмкін. Алайда мәселе — шешуші сәттерде нәтижені бекітіп алу қабілетінде.
Орақбаев сондай-ақ физикалық дайындықты күшейту және төзімділікті арттыру қажет екенін де атап өтті.
Софиядағы "Странджа" –2026 турнирінде Қазақстан атынан 39 спортшы өнер көрсетіп, 4 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль еншіледі. Жалпыкомандалық есепте 2-орын иеленді.