Қазақстандық боксшы Владислав Саможонов Бангкоктегі U-19 World Boxing Futures Cup халықаралық турнирінің жартылай финалында сенімді жеңіске жетті.
Владислав Саможонов турнирде 90 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғап жатыр. Жартылай финалда оған АҚШ өкілі Калеб Стюарт Рейд қарсылас атанды.
Қазақстандық боксшы жекпе-жекте айқын басымдық танытты. Төреші бірінші және екінші раундта америкалыққа нокдаун санады. Ал үшінші раунд басталар алдында қарсыластың жарақатына байланысты кездесу мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Осылайша жеңіс Владислав Саможоновқа беріліп, “алтын” үшін қолғап түйістіруге мүмкіндік алды.
Айта кетейік, World Boxing Futures Cup турнирі тарихта алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жарысқа 19 жасқа дейінгі былғары қолғап шеберлері қатысуда.
Бангкоктегі байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының өкілдері сәтті өнер көрсетіп, жүлде үшін таласты жалғастырып жатыр.