Қазақ UFC файтерін жеңді (ВИДЕО)
Аралас жекпе-жек шебері Асылжан Бақытжанұлы Санкт-Петербургтегі ACA 202 турнирінде UFC-де бұрын айқасқан тәжірибелі қарсыласын тізе бүктірді.
Гришиннен басым түсті
Қазақстандық файтер бұл кеште ресейлік Максим Гришинмен кездесті. Жекпе-жек жартылай ауыр салмақ дәрежесінде үш раундқа жоспарланды. Соның қорытындысында төрешілер жеңісті бірауыздан Асылжан Бақытжанұлына берді.
Осылайша Асылжан Бақытжанұлы кәсіби ММА мансабындағы 18-жеңісіне жетті. Ал Максим Гришин үшін бұл кәсіби карьерасындағы 12-жеңіліс болды.
Бұл олардың екінші айқасы
Айта кету керек, Бақытжанұлы мен Гришин бұған дейін де октагонда жолыққан. Олардың алғашқы жекпе-жегі 2023 жылдың желтоқсанында өтті. Бастапқыда төрешілер сол кездесуде жеңісті ресейлікке берген.
Дегенмен кейін Ресейдің аралас жекпе-жек одағына қарасты тәуелсіз төрешілер алқасы айқасты қайта қарап, жеңімпаз ретінде қазақ файтерін таныды. Соған қарамастан қолданыстағы ереже бойынша апелляция нәтижесінде жекпе-жектің ресми қорытындысын өзгертуге болмайтындықтан ол кездесу өтпеді деп танылды.