"Канело" әлем чемпионымен жекпе-жекке дайындалып жатыр

Сарапшы, спорт журналисі

Екінші орта салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы, мексикалық Сауль "Канело" Альварес алдағы уақытта рингке қайта оралатынын мәлімдеді.

"Канело" әлем чемпионымен жекпе-жекке дайындалып жатыр
instagram/@canelo

“Канелоның” келесі жекпе-жегі қашан өтеді?

Мәліметке сәйкес, Сауль Альварестің келесі кездесуі 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өтуі жоспарланған. Дегенмен әзірге оның қарсыласының есімі ресми түрде жарияланған жоқ.

Бұл жекпе-жек мексикалық боксшы үшін үлкен камбэк болмақ. Себебі “Канело” былтыр қыркүйекте америкалық Теренс Кроуфордтан жеңіліп, суперорта салмақтағы барлық чемпиондық белбеуінен айырылды. Осыдан кейін Альварес қысқа үзіліс жасап, денсаулығына көңіл бөлуді жөн көрген.

Сауль Альварес жарақаттарын емдеп, бабына келді

Мексикалық жұлдыздың айтуынша, ол осы аралықта ұзақ уақыт бойы жиналып қалған жарақаттарын емдеуге басымдық берген.

“Жекпе-жекке санаулы күн қалса екен дейсің, бірақ маған денеммен және үнемі кейінге шегеріліп жүретін жарақаттармен айналысуға тура келді. Уақыт өте келе олардың бәрі жиналып қалады. Сондықтан сол мәселелерді шешуге уақыт бөлдім, бұл дұрыс шешім болды.

Қазір біз қарсыластардың нұсқаларын қарастырып жатырмыз, сараптап жатырмыз. Ричард (Шефер — “Канелоның” промоутері) өткен аптада Лондонда Турки Әл аш-Шейхпен кездесті. Сондықтан алда не болатынын көреміз. Үміткерлер бар, енді ең лайықтысын таңдаймыз. Ең бастысы — ол чемпион болуы керек.

Шынымды айтсам, қазір өзімді өте жақсы сезінемін. Жаттығу жасап жүрмін, физикалық жағдайым да тамаша. Кейде осындай үзіліс дәл керек нәрсе болады”, — деді Сауль Альварес.

Ұзақ үзілістен кейін рингке оралу кез келген боксшы үшін оңай емес. Алайда Сауль Альварестің сөзінен оның физикалық және психологиялық тұрғыдан қайта қалпына келгенін байқауға болады. Егер ол шынымен әлем чемпионымен жұдырықтасатын болса, жанкүйерлерді өте тартысты кеш күтіп тұр.