Мұхамедсабыр Базарбайұлы даулы жеңілістен кейін мәлімдеме жасады

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық боксшы төрешілер шешіміне қарамастан, алға қарай ұмтылатынын айтты. 

Мұхамедсабыр Базарбайұлы даулы жеңілістен кейін мәлімдеме жасады
olympic.kz

Қазақстандық боксшы Мұхамедсабыр Базарбайұлы Бразилияның Фос-де-Игуасу қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогындағы даулы жеңілісінен кейін жанкүйерлерге үндеу жасады.

Даулы жекпе-жек

65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Базарбайұлы 1/4 финалда франциялық Уго Граумен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы алғашқы екі раундта басым болғанымен, төрешілер жеңісті қарсыласына берді — 3:2.

Бұл шешім жанкүйерлер мен сарапшылар арасында қызу талқыланды.

Төрешілерге санкция

Қазақстан бокс федерациясы ресми түрде World Boxing ұйымына шағым түсіргеннен кейін, жекпе-жекті бағалаған үш төрешіге санкция қолданылды. Олардың екеуі турнирдегі төрелік ету құқығынан айырылды.

Дегенмен, жекпе-жек нәтижесі өзгеріссіз қалатыны белгілі болды.

Жеңілістен кейін Мұхаммедсабыр Базарбайұлы әлеуметтік желіде жазба жариялап, жанкүйерлеріне алғыс білдірді:

"Өкінішке қарай, бұл жолы жеңіс бұйырмады. Бірақ әр жеңіліс — бұл сабақ. Мен бұдан да мықты болып ораламын, қателіктерімді түзетемін және алға қарай жүруді тоқтатпаймын. Қолдау көрсеткен барлықтарыңызға рахмет! Бұл тек бастамасы. Ең мықты сәттер әлі алда", – деп жазды ол.