Ағайынды Сабырхандар рингте қолғап түйістірді (ВИДЕО)
Қазақстандық танымал боксшылар жаттығу залында өзара спарринг өткізді.
Махмұд Сабырхан видео жариялады
Екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан Instagram парақшасындағы сторисінде жаттығу залынан қысқа видео бөлісті. Кадрдан ағайынды Сабырхандардың спарринг жасап жатқанын көруге болады.
Бейнежазбада Махмұд інісін рингтің бұрышына ығыстырып, соққыларын пысықтап жатыр. Ал Төрехан Сабырхан аса күш жұмсамай-ақ қарсы шабуылдармен жауап қайтарған.
"Қателермен жұмыс", — деп жазды Махмұд Сабырхан видеоға.
Азия чемпионатынан кейінгі дайындық
Айта кетейік, ағайынды Сабырхандар Моңғолияда өткен Азия чемпионаты қорытындысына толық көңілі толмағанын аңғартқан еді.
Махмұд 55 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, қола медаль иеленді.
Ал 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен World Boxing нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионы Төрехан Сабырхан финалда жеңіліп, ересектер арасындағы мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркеді. Ол турнирді күміс жүлдемен аяқтады.