Төрехан Сабырхан ең қиын қарсыласынан айырылды

Жекпе-жек шолушысы

Ливерпульдегі 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, британиялық Одел Камара әуесқой бокстағы мансабын аяқтайды

Төрехан Сабырхан ең қиын қарсыласынан айырылды
instagram/@boxingkazakhstan

Ұлыбритания құрамасынан кетті

Ұлыбритания бокс федерациясының мәліметінше, Одел Камара бұдан былай World Class Programme деп аталатын элиталық дайындық бағдарламасына қатыспайды.

“Ұлыбритания бокс федерациясы Одел Камараның World Class Programme бағдарламасынан кеткенін растайды. Енді ол Шеффилдтегі Англия спорт институтында ұлттық құрама сапында жаттықпайды және мансабын өз қалауымен басқа бағытта жалғастыра алады”, — делінген хабарламада.

Ұлыбритания құрамасының спорттық дайындық жөніндегі директоры Роб Маккракен Камараның талантты боксшы екенін атап өтті.

“Одел — өте қабілетті боксшы. Ол Ливерпульдегі әлем чемпионатында өзін жақсы көрсетіп, жүлдеге ие болды. Алайда ол ұлттық құрамадан кетіп, мансабын жаңа бағытта жалғастыруды таңдады”, — деді Маккракен.

Ливерпульдегі әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алғаннан кейін Камараға Ұлыбритания мен АҚШ промоутерлері қызығушылық таныта бастаған. Ақпаратқа сүйенсек, оған кәсіпқой бокста ірі келісімшарттар ұсынылған.

Сондықтан британдық боксшының әуесқой бокстан кетуі оның алдағы уақытта кәсіби рингке қадам басуымен байланысты болуы мүмкін.

Сабырханмен болған жекпе-жек 

Одел Камара әуесқой бокстағы соңғы кездесуін 2025 жылдың 13 қыркүйегінде Ливерпульдегі әлем чемпионатының жартылай финалында өткізді. 70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырханға қарсы жұдырықтасты.

Тартысты өткен айқаста Сабырхан төрешілердің бөлек шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетті. Камара қола медальді місе тұтса, Төрехан кейін финалда да жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды.

Бұған дейін Төрехан Сабырхан сұхбаттарының бірінде Одел Камараны карьерасындағы ең күрделі қарсылас деп бағалаған. Қазақстандық боксшы британиялықпен жекпе-жек алдында алғаш рет ерекше қобалжу сезінгенін де айтқан.