Еркебұлан Тоқтардың командасы Джейк Полмен келіссөз жүргізіп жатыр

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстандық актер және аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар алдағы уақытта америкалық блогер әрі боксшы Джейк Пол құрған лигада өнер көрсетуі мүмкін. Бұл туралы спортшы YouTube желісіндегі Әмір Тәжібаевқа берген сұхбатында айтты.

Еркебұлан Тоқтардың командасы Джейк Полмен келіссөз жүргізіп жатыр
sports.kz

Джейк Полдың лигасында мүмкіндік бар

Сұхбат барысында Еркебұлан Тоқтар бұл бағыттағы әңгіменің нақты бір лига төңірегінде жүріп жатқанын жеткізді.

— Бұл белгілі бір лига ма?
— Иә. Қазір Джейк Полдың бокс лигасы бойынша. Ал UFC-ге келсек, Дана Уайт қазір бокс бағытын дамытып жатыр ғой, бірақ ол жақта мен өнер көрсете алмаймын. Ал Джейк Полдың жобасында мүмкіндік бар. Ол жақпен қазірдің өзінде сөйлесіп жатыр, — деді Тоқтар.

Жүргізушінің “Джейк Пол жұдырықтасатын алаңда өнер көрсетуің мүмкін бе?” деген сұрағына спортшы бұл лиганың Полдың жеке жобасы екенін атап өтті.

— Дәл солай деп айтуға келмейді. Бұл — оның лигасы. Ол бокс лигасын ашты. Сол жерде өнер көрсетуге болады. Болмаса, ең соңғы нұсқа ретінде LFA бар, — деді қазақстандық файтер.

Most Valuable Promotions қандай ұйым?

Джейк Полдың Most Valuable Promotions, яғни MVP ұйымы 2021 жылдың тамыз айында құрылған. Бұл жоба дәстүрлі бокс промоушенінен гөрі медиа бағыттағы ірі компания ретінде танылды. Ұйым спортшыларды әлеуметтік желі арқылы танытып, жекпе-жектерді шоу форматында өткізуді мақсат етеді.

MVP Джейк Полдың бірнеше ірі жекпе-жегін ұйымдастырған. Олардың қатарында Майк Тайсон, Тайрон Вудли және Андерсон Силваға қарсы кездесулер бар. Сондай-ақ ұйым әйелдер боксы тарихындағы ең маңызды айқастардың бірі саналатын Кэти Тейлор мен Аманда Серрано арасындағы Madison Square Garden аренасындағы жекпе-жекті өткізген.

Еркебұлан Тоқтардың ММА-дегі жолы

Еркебұлан Тоқтар аралас жекпе-жектегі дебютін 2021 жылдың жазында OCTAGON лигасында өткізді. Ол спортқа келгенге дейін кино саласында танылып үлгерген актер.

2021–2022 жылдары Тоқтар жарқын нокауттарымен көпшіліктің назарын аударды. Кейін OCTAGON және Nomad FC лигаларының басты медиа жұлдыздарының біріне айналды. Ашық мәлімдемелері, қарсыластарымен сөз қағыстыруы және тартысты жекпе-жектері арқылы ол Қазақстаннан бөлек, ТМД кеңістігінде де кеңінен таныла бастады.

2025 жылдың ақпанында OCTAGON 70 турнирінде Еркебұлан Тоқтар Орталық Азия ММА тарихындағы алғашқы BMF белбеуін жеңіп алды. Оның Камиль Каратэге қарсы жекпе-жегі 5,1 миллионнан астам қаралым жинап, ТМД елдерінде қызу талқыланды.