"Дайын болыңдар": Төрехан Сабырхан Азия чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін мәлімдеме жасады
Қазақстандық боксшы 2026 жылғы Азия чемпионатындағы жеңілістен кейін жанкүйерлеріне үндеу жасап, алдағы жекпе-жектеріне қатысты уәде берді.
Жанкүйерлерге үн қатты
Әлем чемпионы Төрехан Сабырхан Instagram парақшасында жаңа жазба жариялап, өзінің келесі айқастарына ерекше дайындықпен шығатынын айтты.
“Дайын болыңдар — алдағы жекпе-жектер жай ғана шайқас болмайды. Олар менің шын мәнінде кім екенімді дәлелдейді”, — деп жазды Төрехан Сабырхан.

Бұл мәлімдеме боксшының Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатындағы сәтсіздігінен кейін жарияланды.
Азия чемпионатында алғашқы жеңілісін көрді
Сәуір айында Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында Төрехан Сабырхан ересектер арасындағы мансабында алғашқы жеңілісіне ұшырады.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында иорданиялық Зейяд Иашишпен жұдырықтасты. Тартысты айқас төрешілердің бірауызды шешімімен иорданиялықтың пайдасына аяқталды – 0:5.
Осы финалға дейін Сабырхан 16 айдан астам уақыт бойы жеңіліссіз келе жатқан. Ол 2025 жылы Ливерпульдегі World Boxing әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған.
70 келідегі бәсеке күшейді
Төрехан Сабырханның Азия чемпионатындағы жеңілісі 70 келіге дейінгі салмақтағы ішкі бәсекені одан әрі қыздырды. Бұған дейін бұл салмақта жас боксшы айқын фавориттердің бірі саналған.
Ұлан-Батырдағы сәтсіздік Сабырхан мен тәжірибелі Абылайхан Жүсіпов арасындағы бәсекені күшейте түсті. Енді екеуінің де 2026 жылы Жапониядағы Азия ойындарына жолдама алу мүмкіндігі теңесе түсті.