Әлем чемпионы үнсіздігін бұзды: Жүсіпов Қытайдағы жарыс алдында мәлімдеме жасады

Жекпе-жек шолушысы

Абылайхан Жүсіпов Гуйян қаласындағы әлем кубогының екінші кезеңінде ел намысын қорғайды

Әлем чемпионы үнсіздігін бұзды: Жүсіпов Қытайдағы жарыс алдында мәлімдеме жасады
instagram/@boxingkazakhstan

70 келіде жұдырықтасады

Абылайхан Жүсіпов Қытайдағы турнирде 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Боксшы соңғы уақытта жарыстарға қатыспағанын, бірақ қазір ұлттық құрамамен бірге маңызды додаға дайындалып жатқанын айтты.

“Біраз уақыттан бері жарыстарға қатыспадым. Қазір ұлттық құрама сапында Қытайда өтетін әлем кубогына дайындалып жатырмын. Алдағы турнирде 70 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаймын. Әзірге нақты жоспар жоқ, қалғанын уақыт көрсетеді. Жалпы 70 келіден басқа салмақ дәрежесіне ауысу ойымда жоқ”, — деді Абылайхан Жүсіпов.

Былтыр әлем чемпионы атанды

28 жастағы боксшы былтыр IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. 2025 жылдың 13 желтоқсанында Дубайдағы финалда Жүсіпов 71 келіге дейінгі салмақта ресейлік Сергей Колденковпен жұдырықтасты.

Тартысты айқас төрешілердің бөлек шешімімен қазақстандық боксшының пайдасына аяқталып, Жүсіпов алтын медаль жеңіп алды.

Азия чемпионатында Сабырхан шықты

Сәуір айында Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында 70 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан Төрехан Сабырхан өнер көрсетті. Ол финалда иорданиялық Зейяд Иашиштен жеңіліп, ересектер арасындағы мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.

Гуйяндағы әлем кубогы кезеңі Абылайхан Жүсіпов үшін жарыс ырғағына қайта оралуға мүмкіндік беретін маңызды турнир болмақ. Қазақстандық боксшы 70 келідегі орнын сақтап, халықаралық аренада тағы да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.