АЧ-2026: Ақжүрек Қалабай "күмісті" қанағат тұтты
Азия чемпионатының финалында отандасымыз Оңтүстік Корея өкіліне есе жіберді.
Индонезия астанасы Джакартада бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының өкілі Ақжүрек Қалабай 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында 65 келіге дейінгі салмақта алтын медаль үшін рингке шықты.
Шешуші жекпе-жекте Ақжүрек Қалабай Оңтүстік Корея өкілі Даехо Кангпен жұдырықтасты.
Жекпе-жек барысы
Алғашқы раунд тең дәрежеде өтті. Екі боксшы да сақ қимылдап, қарсыласының қателігін күтуге тырысты. Раунд қорытындысында төрешілер аз ғана басымдықпен оңтүстіккореялық спортшыны алға шығарды — 3:2.
Екінші үш минуттықта Даехо Канг белсендірек әрі дәлірек қимылдады. Ол шабуылда жинақы әрекет етіп, төрешілер алдында артықшылығын ұлғайтты.
Бұл раунд та Оңтүстік Корея боксшысының пайдасына аяқталды. Есеп — 4:1.
Үшінші раундта Ақжүрек Қалабай жағдайды өзгертуге тырысты. Қазақстандық боксшы алға ұмтылып, шабуыл қарқынын арттырды.
Ал Даехо Канг уақыт созуға тырысып, жиі клинчке кірді. Осы әрекеті үшін ол ұпайдан айырылды. Дегенмен бұл жаза жекпе-жек нәтижесін өзгертуге жеткіліксіз болды.
Қалабай күміс жүлдегер атанды
Финал қорытындысы бойынша Даехо Канг төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, U19 Азия чемпионы атанды.
Айта кетейік, бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымының құрлықтық құрылымы — Asian Boxing аясында ұйымдастырылып жатыр.
Бұл форматтағы турнир екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы жарыс 2025 жылдың тамызында Бангкокта өткен. Биылғы чемпионатта U19 және U23 жас санатындағы спортшылар медаль үшін сынға түсіп жатыр.