Едіге Қасымбек Будапешттегі рейтингтік турнирде топ жарды
125 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз жарыс барысында барлық қарсыласынан басым түсті.
Турнирді жеңіспен бастады
Едіге Қасымбек алғашқы айналымда румыниялық Омар Ихаб Сареммен кездесті. Қазақстандық балуан қарсыласын 6:2 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Келесі кезеңде 20 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионы атанған Қасымбектің қарсыласы Шамиль Шарипов болды. Тартысты өткен белдесу қазақстандық боз кілем шеберінің 4:3 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Қытайлықтан басым түсіп, финалға шықты
Қасымбек жартылай финалда қытайлық Бухээрдунмен күш сынасты. Отандасымыз қарсыласынан басым түсіп, турнирдің шешуші белдесуіне жолдама алды.
Алтын медаль үшін өткен кездесуде польшалық Камиль Томаш Косьчолекпен белдесті.
Қазақстандық балуан жекпе-жектің алғашқы минуттарынан-ақ бастаманы өз қолына алып, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Финалдық белдесу 5:0 есебімен аяқталды.
Осылайша Едіге Қасымбек Будапешттегі рейтингтік турнирдің жеңімпазы атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салды.