Қазақстандық каратэші Жапонияда Гран-при жеңіп, 10 миллион иен ұтып алды

Футбол шолушысы

Қазақстан құрамасы Токиода шинкиокушинкай каратэден "Чемпиондар чемпионы TOP-9" халықаралық турнирінде екі жүлде иеленді. 

Қазақстандық каратэші Жапонияда Гран-при жеңіп, 10 миллион иен ұтып алды
t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Анджей Кинзерский барлық қарсыласын жеңді

Анджей Кинзерский турнир барысында жоғары нәтиже көрсетіп, қарсыластарының барлығынан басым түсті. Ол жартылай финалда литвалық Энтас Хаускасты 5:0 есебімен сенімді жеңді. Ал шешуші жекпе-жекте ұлттық құрамадағы әріптесі Антон Зимаревпен кездесті.

Финалдық бәсеке Анджей Кинзерскийдің пайдасына аяқталып, “Чемпиондар чемпионы TOP-9” турнирінің бас жүлдесін жеңіп алды.

ФОТО: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Бұл финал жарыс тарихындағы ерекше оқиғалардың бірі болды. Турнир алғаш рет шешуші кезеңде бірден екі шетелдік спортшыны қабылдады.

Олардың екеуі де Қазақстан құрамасының өкілдері болды. Осылайша отандастарымыз Жапониядағы беделді доданың алтын және күміс жүлделерін иеленді.

Жеңімпаздар қанша сыйақы алды?

Турнир қорытындысы бойынша Анджей Кинзерскийге 10 миллион жапон иені табысталды. Бұл шамамен 28,6 миллион теңгеге тең.

Күміс жүлдегер Антон Зимарев 2 миллион иен немесе шамамен 5,7 миллион теңге көлемінде сыйақы алды.

Жарысқа ерлер арасында әлемнің тоғыз үздік каратэшісі, ал әйелдер бәсекесіне сегіз таңдаулы спортшы қатысты.

Анджей Кинзерский 2025 жылы Жапонияның ұлттық чемпионатында топ жарған.